Кеше президент Тоқаев Парламент сессиясының ашылуында дағдарыс жағдайынан елді шығару туралы халыққа жолдауын жариялады. Саясаттанушы, Ұлттық кеңес мүшесі, Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саировқа бір-екі сауал қойған едік.
- Ерлан Биахметұлы, Президенттің биылғы жолдауы былтырғыға қарағанда көбірек экономикалық-құқықтық өркендеуге қарай бағытталған. Оның сыры неде?
- Біз турбулентті заманда өмір сүріп жатырмыз. дүниежүзінің экономикасына 10 триллионнан астам шығын келтірді. Қазақстанның да экономикалық жағдайы бүгінгі таңда мәз емес. Сондықтан президент реформалық жөнінде көбірек айтты. Бұл мәселені көтерген себебі шикізатқа бағытталған экономика өзінің шегіне жетті. Біз мұнай және басқа да минералды ресурстармен алысқа бара алмаймыз. Экономиканы диверсификация жасау керек. Осы тұрғыдан алғанда экономикалық бағытты өзгерту қажеттігі сөзсіз. Стратегиялық жоспарлау агенттігінің құрылуының негізгі мақсаты біріншіден елімізге сырттан келетін әртүрлі қиын мәселелерді қарастыра отырып, сонымен бірге еліміздің экономикасын жаңа рельстерге бағыттау, экономиканы дамытудың жаңа нүктелерін табу болып табылады. Бізге ең негізгісі шикізаттық өндірістен кету керек. Бізге жаңашылдық, инновациялық өндіріс керек. Менің ойымша үкіметтің де, жаңа құрылатын агенттіктің де ең негізгі мақсаты экономиканы жаңа арнаға, жаңа бағытқа бұру болуы тиіс.
Бұл жердегі ең негізгі мәселе президент еліміздің экономикалық дамуының, әлеуметтік трансформацияның, саяси реформаның басты бағыттарын анықтап берді. Адам құқыларын қорғау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Құқық қорғау органдарын реформалау жөнінде нақты-нақты ойлар айтылды. Сонымен бірге ең негізгісі жергілікті жерлердегі әкімдерді халықтың тікелей сайлауы, мәслихаттардың рөлінің артуы және өзін-өзі басқару жүйесінің жаңа концепциясының пайда болуы біздің елімізде саяси реформаның басталғандығын көрсетеді. Оған қоса үкіметке нақты тапсырмалар берді. Үкіметтің жұмысы әрине қазір көңілді көншітпейді. Менің ойымша парламент сайлауы өткеннен кейін президенттің пәрменімен жаңа бағыты анықталуы ықтимал.
- Президент жолдауында үкіметке қызметін тиісті деңгейде атқара алмағаны туралы сындар айтылды. Десе де, былтырғы жолдаудың қорытындысы толық жасалмаған сияқты. Былтыр айтылғандай «билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу» мәселесінде халықтың 30 пайызының көңілі толмаған әкімнің жұмыстан кету жағдайы болған жоқ. Биыл да факторлық балдық шкала туралы айтылды. Бұл механизм дұрыс жұмыс істей ала ма?
- Біздің еліміздегі саяси жүйеге келетін болсақ, қазіргі таңда парламенттің, үкіметтің мүшелерін отставкаға кетіруге, сонымен бірге жергілікті жердегі мәслихаттардың, әкімдердің жұмысына көңілі толмаса олардың отставкасы жөнінде нақты сұрақ қоюға олардың пәрмені бар. Бірақ дегенмен де мәслихат депутаттары, Мәжіліс депутаттары сондай қадамға баруға әлі үйренбеген. Бұл біздің еліміздегі саяси мәдениеттің әлі төмен дәрежеде екенін көрсетеді. Менің ойымша бүгінгі таңда президент Тоқаев мемлекеттің институттарын халықтың бақылауына қою жөнінде нақты-нақты пәрмен беріп отыр. Енді Халық өзінің құқығын пайдалануды үйренуі керек.
Жазып алған Нұрғали Нұртай.