"Солтүстікке қоныстануға" Сіз де үлес қосыңыз!

"Солтүстікке қоныстануға" Сіз де үлес қосыңыз!
Ⓒtarlan.kz

Ақтау саммиті мен Астана жаңбырының арасында президенттің СҚО Тайынша ауданына барып, Қазақстанның басқа өңірлерінен қоныс аударғандарға арналған тұрғын үй құрылысымен танысқаны елеусіз қалды. Жай көзге әдеттегі аймақ аралау боп көрінгенімен, Елбасының бұл сапарының салмағы зор. Олай дейтініміз Республика аумағында еңбек күшінің біркелкілігі мен демографиялық тепе-теңдікті сақтау геоэкономикалық һәм геосаяси тұрғыдан аса маңызды. СҚО-ға сапарында Нұрсұлтан Назарбаев көшіп келген отбасылармен әңгімелесу барысында қоныс аударған тұрғындарға "Сіздер мұны балаларыңыздың болашағы үшін жасап жатырсыздар", – деп тебірентерлік сөз айтты AkordaPress таратқан ақпаратта.

Назарбаев 2016 жылы 9 қыркүйекте Үкіметте өткен жиналыста оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру туралы айтқан еді. «Еңбек ұтқырлығы бойынша жұмыс беруші мен жұмысшыларға бірін-бір табуға көмектесу қажет. Осыған байланысты біз «Серпін» деген жобаны іске асырып жатырмыз ғой. Ол халық тығыз тұратын өңірлердің жастарына білім беріп, оларды кадр тапшы аймақтарға жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мендегі бар деректерге сәйкес 12,5 мың жас маман оқу орындарында дайындалып жатыр. Мұнан өзге 20 мыңдай адам «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша еңбек күші тапшы аудандарға көшірілді»,- деген болатын Елбасы. Осы сөзінде ҚР Президенті солтүстіктегі кәсіптік-техникалық оқу орындарының үштен бір бос тұрғанын қаперге салып оңтүстік жастарын солтүстікке қоныстандыру жұмыстарын жандандыруды айрықша тапсырып еді.

2017 жылдың сәуірінде президент Оңтүстік Қазақстан облысында Өзбекстан президентімен кездесер сапары алдында да облыс жұртшылығымен кездесіп:
– Мен сіздердің еңбекқор халық екендеріңізді жақсы білемін. Солтүстік, шығыс өңірлерге қоныс аударып, еліміздің дамуы мен болашағына зор үлес қосып келесіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, халықты жұмыспен қамту және оны қоныстандыру деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, – деген болатын.

Бұларға неге тоқталдым. 10 күнге жақын уақыт Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Қызылжар өңірінің Тайынша, Ақ қайың, Шал ақын, Есіл, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарын көрдім.

Ильичёвкадағы сияқты салынған алты қанат ақбоз үйдей зәулім үйлі ауылдар әр ауданда бой көтерген. Мысалға Петропавл іргесіндегі Бәйтерек ауылы. Еңселі үйлер қаз-қатар тізілген жаңа қалашық тіпті алыстан көз тартады. Жергілікті тұрғындар қайдан болса да қазақ келсе құшағымызды кең ашамыз деп отыр.

2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысына 900-ге жуық адамды қамтитын 235 отбасы көшіп келген. Барлығы жалдамалы пәтермен қамтамасыз етіліп, жұмысқа орналастырылды. Олардың көшіп келуі және шығындарының өтелуі үшін 1 миллиард теңгеден астам субсидия бөлініпті. Бұл статистика тым мардымсыз. Айта кетсек, Оңтүстік халқын солтүстікке қоныстандыру бағдарламасына 2017 жылы 85 млрд. теңге бөлінген болатын. Бұл туралы былтыр ақпан айында Астанада «Корпоративтік секторда әйелдердің мүмкіндігін кеңейту» атты халықаралық форумда сол кездегі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, қазіргі Nur Otan партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім еткен еді. Ал биыл жұмсалған қаражат азайып кеткен.

Президенттің пәрменіне атқарушы билік немқұрайлы қарап отыр ма, әлде жұрт солтүстікке құлықсыз ба?
Егер себеп екінші нұсқа, сіз бен біздің құлықсыздығымызда болса онда қателесеміз.

Жұрт айтатындай Солтүстікте жұмыс жоқ емес. Шеті-шегі жоқ жазира дала жатыр. Құлын бойы шалғыны жайқалған ен жазық. Егін ексең суарып әуре болмайсың. Шөп арзан, қағыршылық жоқ, сүт өңдеу зауыттары мол. Литрын 80-100 теңге арасында пұлдап отыра бересің. 4-5 сауын сиыр болса бір үйлі жан жан бағып кетеді. Тек еңбек ете білу керек. Тіпті мұнда траибализм де жоқ. Балаң оқып келсе сүйегіне қарамай қызметке қояды. Солтүстік Сіз бен Бізге зәру!

арапайым мысал: Ильичёвка және осы ауылға көрші аудан дәрежелес Чкалово атауын, Шал ақын ауданы орталығы Сергеевка атауын неге ауыстыра алмайсыздар деп жергілікті тұрғындардан сұрадым. "Азбыз ғой" деді.

Солтүстік облыстың 600 мыңға жақын халқының 200 мыңы ғана мемлекет құрушы ұлттың өкілдері. Ақжар және Уәлиханов ауданынан басқа 11 аудан және Петропавлдың халқында қазақтардың үлесі 25-30 пайыздан аспайды. Облыста жағдай осындай бола тұра біз оңтүстікте отырып алып, "патриот" кеудемізбен күпсінеміз. Іспен дәлелдеуді ойламаймыз да. Оның үстіне мемлекет жағдай жасап отыр.

Тамыз айының басында ғана президент Назарбаевтің Павлодар облысының Качир ауданын – Тереңкөл ауданы; Лебяжі ауданын - Аққулы ауданы деп өзгерткен қаулысы естеріңізде шығар. Бұл облыста СҚО-ға қарағанда кісі қуантарлық процес бар. 1989 жылғы миллионға жақын халық тоқырау жылдары азайып кеткенімен қайтадан 800 мыңға жақындады. Ал, сол жылдағы қазақтардың 28 пайыздық үлесі биыл 52 пайызға жетті. Бұл үрдіс жалғасса таяу уақытта тіпті Павлодардың атауын ауыстырып қалуымыз ғажап емес. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бұндай көрсеткіш жоқ. Халық саны 30 жыл бұрынғы санының әлі жартысында ғана. Оны жасайтын Сіз бен Біз. Айтпақшы, Павлодардағы демографиялық процеске Монғолиялан көшіп келген қандастардың оң ықпал еткенін айта кеткен жөн.

Осы ретте мемлекет шетелде өмір сүріп жатқан Қазақ Республикасының байырғы тұрғындарын елге қайтару саясатын жақсы ұстанғанын да қуаттай кетейік. Шетелдегі қазақтар үлесін бағзыдан мекен еткен этникалық қазақтармен қоса XX ғасырда елден саяси себеппен босып кеткен эммигранттар құрайды. Шетелдегі қандастарды елге шақыру процесі әлі де жандандыруды қажет етеді. Көрші елдермен дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, жолды саяси тосқауылдардан аршып алу керек.

Ал, Солтүстікке қоныстануға еш кедергі жоқ. Тек ұрпақтың қамын, мемлекеттің болашағын ойласаңыз жеткілікті!

Нұрғали Нұртай