Тасмағамбетов комсомол мерейтойына неге қатысты?

Тасмағамбетов комсомол мерейтойына неге қатысты?
Ⓒtarlan.kz

Таңертеңнен әлеуметтік желідегі жазбаларды қарап отырмын. Алматыда өткен Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағының 100 жылдығына наразылық жоғары.

Кеше де жазғанымдай бәріміз салдарын талқылап отырмыз. Одан түк те өнбейді. Себептерін жоюдың альтернатив жолдарын ұсынып, өткізе алмасақ баcқасы бос даурықпа.

«Тарих - өткеннің сабағы, алдағының кейінгіге өнегесі» деген Назарбаев бір сөзінде. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы да бұлыңғыр» дейді Уинстон Черчилль де. Өткен мен болашақтың байланысын талай ойшыл айтқан. Тарихымызда коммунизм де болды, Ленин де болды. Тұтас бір дәуір сол партияның көсеміне сәжде етіп, әнін айтып, кітабын оқып, заңын жаттап кетті. Біз оны сызып тастай алмаймыз. Біз тек коммунистік жүйенің саяси зардабын, халқымызға арқалатып кеткен ауыр қасіретін қарамен жазып, жас ұрпаққа, өсіп келе жатқан буынға анықтап түсіндіріп нағыз «рухани жаңғыру» жасай білуіміз керек. Әйтпесе күні кеше ЛКЖО-ның 100 жылдығын тойлаған парламентте отырған ҚКХП құрамында жастар жоқ емес.

Енді, бұның бәрі бір шетке.

Жұрт қотарыла жабылып Тасмағамбетовті жамандауға көшті. Біз неге қашан да мәселенің тек беткі көрінісін ғана көреміз де, бір қырынан талқылап кетеміз? Әйтпесе онда әнші де, депутат та, шенеунік те жүр.

Біріншіден, ол кісінің 1989 жылы Комсомол жоғары органының Орталық комитетінде бірінші хатшы болып қызмет атқарғаны тарихи факт. Оған дейін де бірнеше жыл бойы Атыраудағы Комсомол одағын басқарды. Осы қызметінен Қазақстан дербес ел болғанда Жастар істері бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы лауазымына ауысып келді. Жастармен жұмыс істей білетін тәжірибесін президентке көмекші болып жалғастырды.

Екіншіден, Иманғали Нұрғалиұлы онда қатысып отырған басқалар сияқты емес Ресейде өкілетті елші. Бұл шараны ұйымдастырған ол емес. Өмірбаянында жазылып тұрған Комсомол датасына қатыспауы екіжүзділік болар еді. Тасмағамбетовтің өзі айтатын екі саяси қайраткер идеялының  бірі қазақ даласынан Францияға барып ұлт бостандығы үшін күрес жүргізген Мұстафа Шоқай болса, екіншісі 1981-1995 жылдары Франция президенті болған Миттеран Франсуа сол елді озық дамуға сүйреген тұлға. Ол да Франциядағы социалистік қозғалыс лидерлерінің бірі еді. Тасмағамбетов 80 жылдардағы саяси жағдайдың талабымен комсомол болды. Қайраткерлік тәжірибе жинады. Бірақ халыққа еңбек етті, қарсы сөз айтқан жоқ.

Үшіншіден, осы шара коммунистік идея мен жүйенің қазақ қоғамына қажетсіз екенін тағы да бір анықтап берген индикатор болды. Қоғамның наразы салмағы басым екендігі анық көрінді. Мемлекеттің саяси өміріндегі олқылықтарын уақыт осылай тезіне салады.

Айтпақшы, осы аптада Путин Ресейде Комсомол тойлайды екен.

«Біз Италияны жасадық, енді италиялықтарды қалыптастырайық». Италияның тұңғыш премьер-министрі, мемлекет қайраткері Камилло Кавур осылай депті. Біз Қазақстан болдық. Бірақ қазақстандық тұтастық жоқ. Керісінше осындай жағдайлар елдегі әркелкілікті ортаға шығарады да, немен жұмыс істеуіне жол сілтейді. Өткен тарих өтті, мың жерден сынасақ та шалдар жиналып өз датасын тойлайды. Тек соған жаңа нәсіл, жас буын еріп кетпеуін қадағалау керек.

 

Нұрғали Нұртай