Тоқаев реформасы немесе премьерлігі турасында бір ауыз сөз

Тоқаев реформасы немесе премьерлігі турасында бір ауыз сөз
Ⓒtarlan.kz

1994 жылдан бастап Қазақстанда күрделі саяси, экономикалық, әлеуметтік революциялық реформалар басталды. Осы кезеңде бірнеше реформашыл министрлер кабинеті келіп-кетіп, ауысып жатты.

1999 жылдың аяғына қарай Нұрлан Балғымбаев бастаған үкімет отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа министрлер кабинеті келді. Айта кету керек, оған дейін кадрлы дипломат Тоқаев, Балғымбаев үкіметінде Сыртқы істер министрі қызметін, премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Бүгінгі күн тұрғысынан саралап айтар болсақ, 20 жыл бұрын Елбасы Тоқаевты экономика мен әлеуметтік саясатты, шаруашылықты меңгеріп, тәжірибе жинай берсін деп дайындай бастады десек те болатын сияқты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы үкімет басшысы қызметін 2002 жылдың басына дейін атқарды. Тоқаевтың кабинеті қазақ мемлекеттілігі мен экономикасының базисы қалыптасып, 94 жылы басталған күрделі реформаларды аяқтаушы үкіметке айналды. Шынымен де революциялық, өте ауыр, сынаққа толы реформаларды сәтті аяқтау Тоқаевтың мойнына жүктелді. Реформаларды аяқтау Тоқаевқа не себепті жүктелгені де түсінікті еді : халықаралық деңгейде ойлай білетін, елге көптеп келіп жатқан Батыс инвесторларымен еркін сөйлесіп, тіл табыса, Батыстың қаржылық институттарымен байланыс орната алатын, сол арқылы тиімді экономикалық шешімдерді қабылдайтын психологиялық қабілетті кәсіби әрі сенімді тұлға сол кезеңде ауадай қажет еді. Тоқаевтың экономикалық шынайы білімі мен шаруашылықты да, әлеуметтік, аймақтық саясатты да жете білетін кәсіби әрі нақтылы мол тәжірибесі оның президенттік қызметін атқару барысында үлкен көмек беруде деп сеніммен айта аламыз.

Араға 20 жыл салып, қайтадан басқарушы билікке келген Тоқаевтың алғашқы тапсырмасы Үкіметке бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметшілердің жалақысын көтеруді 1 шілдеден емес, 1 маусымнан бастау туралы пәрмені болды. Бұл оның тәжірибелі дипломат қана емес, шаруашылықты тыңғылықты атқаратын білікті басшы екенін көрсеткендей.

 

Нұрғали Нұртай