Тоқаевтың биылғы 9 айда атқарған жұмысына шолу

Тоқаевтың биылғы 9 айда атқарған жұмысына шолу
Ⓒtarlan.kz

Бүгін Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент лауазымына кіріскен сәттен бергі атқарған жұмысын қорытындылауға арналған брифинг өтті. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жариялағандай, Жиынға 100-ге жуық республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шымылдығы жабылатын жыл ел жылнамасында айтулы оқиғаларымен есте қалды. Бұл, ең алдымен, егемен еліміздің қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңірген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқару тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған сәттен бастау алады. Одан кейінгі еліміздің саяси өмірінде маңызы зор оқиға – Президент сайлауы. Биліктің ауысуы, сайлау науқаны Ата заңымызға сәйкес жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы халық алдында ант бергеннен кейін Мемлекет басшысы ретінде бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Еліміздің бүкіл өңірін аралап, халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты. Көптеген халықаралық кездесулер өткізді, шет елдерге сапарлармен барып, маңызды келіссөздер жүргізді.
Биыл Мемлекет басшысының қатысуымен жалпы 463 іс-шара өтті. Оның ішінде еліміздің аймақтарына 25 рет жұмыс сапарымен барды, 249 қабылдау өткізді. 31 елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 12 елге сапармен барды. Мемлекет басшысы 9 халықаралық жиынға қатысты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді. Мемлекет басшысы 23 шетелдік елшіден сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның шет елдердегі 30 елшісін тағайындады. Сонымен қатар Қазақстанның 6 мемлекеттегі дипломатиялық миссиялары Елшілік ретінде қайта құрылды.
Жалпы биылғы 20 наурыздан бері 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойылды. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылды.
Жалпы Президент биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен.
ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі мен Президенттің Виртуалды қабылдауына азаматтардан 1 тамыздан бері 15 669 өтініш келіп түскен, оның 4025-і Президенттің Виртуалды қабылдауы арқылы қабылданған. Осылардың бәріне уақтылы әрі тиісті жауап берілді. Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанын дәлелдеп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру мақсатында маңызды бастамалар қолға алынғанын көрсетеді. Атап айтқанда, қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды.
Бұдан бөлек, қиын жағдайға тап болған отбасыларға /көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және т.б./ әлеуметтік көмек көрсету мақсатында 500 мыңнан астам азаматтың, 300 мың теңгеге дейінгі несиелік қарызы мен үстеме төлемдері кешірілді. Бұл жалпы алғанда 107 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар Сириядағы отандастарымызды қақтығыс алаңынан алып шығу мақсатында қолға алынған «Жусан» операциялары сәтті іске асырылды.
Қазақстан Президенті жалпы халықаралық сапарлары барысында шетелдік мемлекет басшыларымен бірлесіп 8 брифинг және 3 баспасөз мәслихатын өткізді. Оның отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген 16 сұхбаты жарияланды.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Президенттік лауазымдағы қызметі, атқарып жатқан жұмыстары туралы жалпы 26 деректі фильм түсіріліп, олар республикалық телеарналарда көрсетілді.
Мемлекет басшысы Твиттер әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданып келеді. Мемлекет басшысының твиттерінде 137 мың оқырманы бар. Биыл еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты үш тілде /қазақ, орыс, ағылшын/ 862 твит жарияланды.
Сәуір айында ғана ашылған Қасым-Жомарт Кемелұлының инстаграм желісіндегі парақшасына миллионға жуық /955 мың/ жазылушы тіркелген. Бүгінге дейін 60 пост жарияланды.