ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанына 2 ай болды. Президенттің ұлықтау рәсімінде айтылып, ай өткенде жасақталған консультативтік орган құрылғаннан бір жарым ай өткенде үлкен жиналысын өткізді.
«Бүгін дәл осындай жаңа форматта кездесіп отырғанымыздың өзі оң өзгерістерге бәріміздің мүдделі екенімізді көрсетеді. Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр», - деп басталған президенттің сөзі біраз нәрседен хабар береді.
Өзіндік пікірі мен ұстанымы бар, қоғамда белгілі беделге ие өзара мүлде бөлек 40 кісі бас қосқан жиын қырық рулы елдің мәселесін түгел қамтып айтты. 6 қыркүйекте өткен жиыннан тәуелсіз БАҚ-тар тікелей эфир таратып, еркін де ашық талқылау жасады. Президент пікірлерге бас шұлғып, жұмыс топтарынан пысықталған құжат сұрады.
Саяси жүйені жаңғырту, сайлау жүйесін жаңалау, әлеуметтік саясатты кемелдендіру, соттар мен құқықтық жүйені жетілдіру, экономиканы ілгерілетіп, мәдени өрені көтеру сияқты мемлекеттік барлық саладағы түйткілді мәселелері көтерілді.
БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссияры Мишель Бачелет 9қыркүйекте өткен Женевадағы жиналыста БҰҰ атынан Қазақстанның жаңа билігіндегі Ұлттық кеңеске үміт артты. Бачелет сөз қылған елдегі өзекті мәселелер мен талап-тілегін айтып бірнеше мәрте бейбіт шеруге шыққан әлеуметтік топтың мән-жайын атқарушы билік те, Ұлттық кеңес мүшелері де жақсы біледі. Ұлттар ұйымы комиссиярынан түскен ұсыныстағыдай, Ұлттық кеңесте құқықтық саланың 3 өкілі бар.
Ұлттық кеңестің мүшелері байланысу қиын парламенттің депутаттары емес. Әр қайсысы халықпен етене жақын, ағайынмен аралас-құралас жандар. Өзекті ой, өткір сынды естуге дайын. Кеңестің хатшысы, президенттің кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы айтқандай «Ұлттық кеңес – президенттің халықпен тікелей диалог құралы».