Ұлттық кеңестің алғашқы жиынында не айтылды?

Ұлттық кеңестің алғашқы жиынында не айтылды?
Ⓒtarlan.kz

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік сарайында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің толық құрамдағы алғашқы жиналысы өтті.

Жиында сөз бастаған Кеңес төрағасы, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елімізді дамытуға және жаңғыртуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды пысықтау ісіндегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің рөлін атап өтті.

– Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің өзіндік пікірі мен ұстанымы бар. Бұл дамыған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Біз бәріміз менің ұлықтау рәсімінде «Әртүрлі пікір – бірыңғай ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деп айтқан сөзімді негізге алуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси реформаларының алға бірден жүгіріп кетпей, ақылға салып, біртіндеп жүзеге асырылатынын, дамуға және жемісті жұмысқа бағытталатынын айтты.

Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді, бірақ олардың авторлары мемлекет алдында жауап бермейді. Реформа реформа үшін – бұл дағдарыса бастайтын жол әрі мемлекеттің басқаруын жоғалтуға алып келеді. Ешқайсымыздың мұны қаламайтындығымызға сенімдімін. Даму дәйекті әрі үдемелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға бағытталған азаматтық әрі саяси борышымызды орындаймыз, – деді Қазақстан Президенті

Мемлекет басшысы мемлекетіміз үшін маңызды әрі көкейтесті мәселелер жөнінде бірыңғай түсініктің маңызды екенін айтты, сондай-ақ өндірістерді көшіруге қатысты қауесеттерге түсініктеме бере отырып, жердің шетелдік азаматтарға сатылмайтынын тағы да атап өтті.

– Соңғы уақытта жер шетелдіктерге сатылады екен немесе көрші елдің 55 ескі зауыты көшіріледі, мыңдаған шетелдік жұмыскерлер тартылады екен деген сияқты түрлі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқымыз мұндай даңғаза әңгімелерге ермеуі қажет. Өздерінің көздеген мақсаттарына жету үшін жұрттың патриоттық сезімдерін сәтті пайдалана білетін ойы бұзық адамдар осындай алып-қашпа әңгімелерді шығарып жүр. Биліктің міндеті – қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсатын түсіндіру. Мен жерді ешкімге бермейтінімізді тағы да айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық, үздік стандарттар мен озық технология үшін ашық екенін атап өтіп, барлық даулы мәселелер консенсус арқылы шешілетінін айтты.

– Қазақстанның сыртқы идеологиясында «халық жауы», «бесінші колонна», «шетелдің ықпалына ұшыраған агенттер» сияқты түсінік жоқ. Бұл біз үшін жат нәрсе. Біз өз азаматтарымыздың адалдығы мен патриоттығына нық сенеміз. Ұлттық тұтастықтың тағы бір негізі – дамудың демократиялық үлгісіне бейілділік. Біз, ең алдымен, мемлекеттілігімізді нығайту миссиясын басшылыққа алып, рационалды ұстанымда қалуға тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті өркендету үшін барлық саланы жаңғырту ісі дамудың стратегиялық мақсаттарының және азаматтық қоғамның пікіріне талдау жасау негізінде жүзеге асырылатынын айтты.

– Азаматтық қоғам өкілдерін ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың, орталық мемлекеттік органдардың бақылау кеңестеріне енгізу жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Бұл ашық болуға, соның ішінде қоғамдық назардан тыс қалған квазимемлекеттік сектордың ашық болуына мүмкіндік береді. Ұлттық кеңестің мүшелері «Open әкімдік» тәжірибесін жаппай таратуды ұсынып отыр. Шын мәнінде, бізге басқару мәдениетінің жаңа стандартына көшу керек. «Open әкімдік» жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы кедергіні алып тастайды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент саяси жүйені жаңғыртуды және кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуі тиіс әлеуметтік саясатты қайта қарау ісін жалғастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмыс тобының аясында Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған бастамаларды егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды.

Ұлттық кеңес

Жиында Ұлттық кеңестің мүшелері – Рақым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Асылбек Қожахметов, Қазыбек Иса, Саясат Нұрбек, Айман Омарова, Ермек Тұрсынов, Сейдахмет Құттықадам, Ораз Жандосов сөз сөйледі.

Айдос Сарым сайлау туралы заңға жіті назар аударса, Айман Омарова сот реформасы туралы мәселе көтерді.

Экономикалық мәселелер бойынша топ атынан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, экономист Мұхтар Тайжан экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан қарыз алған елдердің тізімін жасауды ұсынды.

"Дүние жүзінде Қазақстаннан басқа да мемлекеттер бар ғой, көрші елдер бар. Менің ұсынысым – Қазақстан көршілерден қанша қарыз алдық, қанша өндіріс ашылды, осының нақты үлкен реестрін жасауымыз керек. Бұл сыртқы экономикалық қауіпсіздігіміз үшін өте маңызды деп есептеймін",- деді Тайжан ұлттық кеңестің отырысында.

Ол Қазақстан экономикасының неге дамымай отырғанын айтты.

"Біздің ойымызша, ол мемлекеттің кінәсі деп айтуға болады. Өйткені мемлекет экономиканы өте қатал жағдайда ұстап тұр. Қазақстан экономикасында мемлекеттің үлесі, рөлі тым үлкен. Сондықтан мұны азайту керек. Сонда ғана жеке сектор дамиды, жаңа жұмыс орындары пайда болады", - деді экономист.

«Almaty Management University» президенті, қоғам қайраткері Асылбек Қожахметов мемлекеттік органдар халыққа қызмет етуі керек деген қағида орындалмай келе жатқанын мәселе етіп көтерді.

«Елімізде мемлекеттік органдар кеңселеріне азаматтардың қол жетімділігі наразылық тудырады. «Халықтың мемлекеттік кеңселерге емес, мемлекеттік кеңселердің халыққа қызмет етуі керек» деген қағида орындалмай келеді. Мемлекеттік органдардың азаматтарға айқара ашылған есігін көру мүмкін емес. Сондықтан, сәтті тәжіриебелерді қолданып, әр меморганда кездесулер мен көпшілік іс-шараларды өткізу үшін Үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне рұқсат құжаттарынсыз, шектеу жасалмай, ұялы телефондарымен кіре алатын әр мекеменің бірінші қабатында арнайы көпфункционалды кеңістік құру жөнінде ұсыныс жасаймын», - деді Асылбек Қожахметов елордадағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында.

Сөз алған Жәнібек Қожық шетелден келетін жұмысшыларға кувота санын азайтып, нағыз керекті мамандарды ғана алдыруды сұрады. Ол сондай-ақ, зейнетақы мәселесіне тоқталды.

"Халықты алаңдататын ең өзекті мәселелердің бірі - зейнет жасы. Мәселені экономикалық тұрғыдан зерттеп, қайта қарау керек. Біздің экономикамыз дамып жатыр. Жарты жылдан қосудың орнына, жарты жылдан азайтып отыру керек. 55-60 жасқа тоқтау керек", - деді Жәнібек Қожық.

Танымал кинорежиссер Ермек Тұрсынов "Мәдени кеңес" құру туралы бастама көтерді. Қазақстанда бірде бір әлемдік ойшыл немесе Нобель сыйлығы иегері жоқ екенін, алайда бұл ондай адамдардың елімізде жоқтығынан емес жарыққа шығара алмағанымыздан екенін айтты режиссер.

"Бүгінде біздің мәдени жетістіктеріміз кездейсоқ және бір реттік сипатқа ие. Егер Димаш жеңіске жетсе немесе Ержан Максим байқауда топ жарса, мәдениет министрлігінің шенеуніктері соған ортақтасып, мұны өздерінің жетістігі етіп көрсетеді. Шын мәнінде, бұл Димаштың немесе, мысалы, менің досым Тимур Бекмамбетовтің жетістігі", - дейді Тұрсынов ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, таланттар өз Отанында мойындалмайды, сондықтан шет елдерде өнер көрсетіп, дәлелдеуге мәжбүр.

"Біздің отандық қызметкерлер сол кезде ғана қозғала бастайды. Бұлай болмауы керек. Таланттарға қолдау көрсету қалыпты дүниеге айналуы тиіс", - деп санайды Тұрсынов.

Ұлттық кеңес мүшесі ауыл жастарына жағдай жасау керектігіне назар аударды.

"Қазір елімізде тек екі орталық – Нұр-Сұлтан және Алматы ғана бар. Ал басқалары қайда қалды сонда? Бұрын әр ауылдың өзінің клубы, кітапханасы болатын. Шалғай ауылдың тұрғыны іріктеуден өтіп, үлкен сахнаға жолдама алатын. Ал қазір мұндай атымен жоқ. Әр ауылда, әр ауданда өзінің Димашы, Максимі бар. Қазақ өте талантты халық. Тек оларға жағдай жасалмайды. Жасөспірімдер арасында суицидтің артуы, өңірлердегі шиеленіс, қоғамдағы наразылық осыдан туып отыр", - деді ол.

Режиссердің пікірінше, мәдениетке деген қарым-қатынасты түп-тамырымен өзгерту қажет.

"Бізде әлі күнге дейін әдебиеттен бірде-бір Нобель лауреаты, Пулитцер сыйлығының лауреаты, әлемдік деңгейдегі ойшыл жоқ. Мүмкін олар бар да шығар, бірақ оларды әлем танымайды", - дейді Тұрсынов.

Осы орайда режиссер мәдениет министрлігінің жанынан мәдени саясат жөніндегі кеңес құруды ұсынды. Ол консультативтік органға айналып, қадағалау функциясын жүзеге асыруы тиіс.

"Мәдениет министрлігі маңызды ведомстволардың біріне айналуы керек. Оны спорттан ажырату керек", - деген пікір айтты кеңес мүшесі.

Айта кетсек, Ұлттық кеңестің құрылатыны жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусым күні - Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау рәсімінде айтқан болатын.

«Билік пен қоғам арасындағы диалогтың маңызы зор. Әртүрлі пікірлер бола береді, бірақ біртұтас қоғам керек. Сол үшін мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөнінде шешім қабылдадым. Кеңес еліміздегі ең маңызды мәселерді талқылайды», - деген еді ұлықтау рәсімінде Тоқаев.

Сол күні кешке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулы қабылдады.

Ал 2019 жылғы 17 шілде күні Тоқаев Ұлттық кеңестің ережесін және құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.

Мемлекет басшысы осы Жарлықтың орындалуын бақылауды ҚР Президентінің Әкімшілігіне жүктеді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (Ұлттық кеңес) - ҚР Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган.

Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау. Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді.

Ұлттық кеңестің құрамы: Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Президенті, төраға; Қырымбек Көшербаев - ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға орынбасары; Ерлан Қарин - ҚР Президентінің кеңесшісі, хатшы.

Ұлттық кеңестің мүшелері: Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков;

Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков;

ҚР Ұлттық архивінің «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы;

қоғам қайраткері Мұрат Әбенов;

«Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» РҚБ президенті Азаматхан Әміртаев;

қоғам қайраткері, саясаттанушы Данияр Әшімбаев;

Қазақстан Медиаодағының тең құрылтайшысы Арманжан Байтасов;

қоғам қайраткері, «Мен ояндым» акциясының қатысушысы Бақытжан Бұқарбай;

журналист, «Informburo.kz» порталының бас редакторы Михаил Дорофеев;

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева;

«Ракурс» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов;

қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы;

қоғам қайраткері, саясаттанушы Расул Жұмалы;

әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова;

қоғам қайраткері Қазыбек Иса;

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы;

«Жастар» ҒЗО директоры Талғат Қалиев;

«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов;

қоғам қайраткері Жәнібек Қожық;

журналист, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат;

қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам;

кәсіпкер, IT-маман Бағдат Мусин;

қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек;

«Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов;

саясаттанушы Саясат Нұрбек;

Алматы жоғары басқару мектебінің және «Аспандау» ғылыми-білім беру қорының президенті Қанат Нұров;

адвокат,«Құқық қорғаушылар» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы Айман Омарова;

құқық қорғаушы қайраткер Айгүл Орынбек;

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев;

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес АҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков;

«Team Qazaqstan» жастар қозғалысының жетекшісі Асхат Садырбай;

Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров;

қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым;

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Максим Споткай;

қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан;

«Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова;

Қазақстан киноматографистер одағының төрағасы, режиссер Ермек Тұрсынов;

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан;

«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев;

«Транспаренси Казахстан» қоғамдық қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Марат Шибұтов;

«Қазақстан барысы» даму қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев.

Бұған дейін кеңес мүшелерінің мүшелік кездесуі өткен болатын. 28 тамызда ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен өткен жиында Ұлттық кеңес қызметінің бағыттары мен тетіктері, Кеңестің бірінші отырысын өткізуге дайындық мәселелері талқыланып, жұмыс топтары құрылған еді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесу өткізді.