"Қыркүйек айының басында өткен Ұлттық кеңестің алғашқы отырысынан кейін кеңес мүшелері тарапынан айтылған барлық ұсыныстар жинақталып, жүйеленді, содан соң ол ұсыныстарды қарау бойынша арнайы жоспар қабылданды". Бұл туралы әлеуметтік желіде Президенттің кеңесшісі, Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Тынымбайұлы жазды.
Хатшының жазуынша, 77 пунктіден тұратын жоспар Президент әкімшілігінің жетекшісінің қолымен бекітілді. Бұл жоспарға сәйкес мемлекеттік органдар мен Президент әкімшілігінің құрылымдық бөлімдері қазан айының 20-ына дейін Кеңес мүшелері көтерген әр мәселе бойынша өздерінің сараптамасын беру қажет. Алдағы уақытта Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлары өздерінің бағыттары бойынша Ұлттық кеңес мүшелері мен мемлекеттік органдардың өкілдерінің қатысуымен мәжілістер өткізеді. Бұл ұсыныстар жан-жақты пысықталғаннан кейін қазан айының аяғында немесе қараша айының басында аталған ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша жоспар қабылданатын болады. Яғни, Ұлттық кеңестің ішінде қазір өте ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Президенттің кеңесшісі алдағы уақытта кеңестің әрбір қадамы бойынша Кеңес мүшелерімен кездесіп хабардар ететінін мәлімдеді.