Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ұлттық мәселелерге өткір үн қатуы — 1992 жыл (Видео)

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның ұлттық мәселелерге өткір үн қатуы  — 1992 жыл (Видео)
Ⓒtarlan.kz

Бүгін Халық жазушысы Шерхан Мұртаза дүниеден өтті, қазақ әдебиеті мен баспасөзі, руханияты қара жамылды. tarlan.kz редакциясы марқұмның отбасына, жақындарына, оқырмандарына қайғырып көңіл айтады!

Осы орайда, оқырман назарына Шерхан Мұртазаұлының Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуының алғашқы кезеңі, 1992 жылы республикалық аудан, қала, облыс әкімдері мен Кеңес төрағаларының мәжілісінде сөйлеген сөзін ұсынамыз!

Өз сөзінде ол алдымен «Тіл мәселесіне» тоқталады. Онда Шерхан Мұртаза Конституциядан қазақ тілімен бақталас болып жабысқан орыс тілін алып тастауды табандап айтады. Екінші айтатыны Қазақ баспасөзінің күйсіз жүрген мәселесі.

«Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі»

«Біздің алдағы сессияда қабылданатын конституция жобасы халық талқысына түскелі бір шама уақыт өтті. Талқыда ерекше дауға түскен мәселе тіл мәселесі. Осы бір түйінді қолдан шиелендіріп алдық. Бұрынғы Кеңес одағына қараған, қазір тәуелсіздік алған мемлекеттердің бір де бірінде тіл туралы біздегідей талас жоқ. Бәрінде де бір тіл — республика аты берілген елдің тілі мемлекеттік тіл. Оған ешқандай талас жоқ. Талап-талас тек біз де ғана бар. Талас шығарып жүрген Қазақстандағы орыс халқының қалың тобыс емес. Халықта жазық жоқ.

Біздің мемлекеттің өмір сүріп жатқанын басқа ұлттардың, немістердің, украиндардың, татарлардың, өзбектердің, ұйғырлардың, корейлердің, т.б өкілдері ондай қияңқылыққа бармайды. Өйткені бізде «Барлық ұлттардың тілі емін-еркін өсіп-өркендеуіне жағдай жасалады» деген конституция жобасында. Олар соны иманжүзділікпен қанағат тұтады. Кейбір империялық өр көкіректер бізде тұратын ұлт өкілдерінің бәрін орыстілділер санатына қосып алып, қазақтар сендер азсыңдар дегенді салық қылып бетке басып та жүр. Осы да әділеттілік пе?

Қазақтарға жасалған қанқұйлы қиянатқа сонау патша заманының өзінде Герцен араша түсіп еді. Пушкин жаны ашып азып еді. Ұлы Толстой езілген халықтардың жоғын жоқтап еді. Қайда, қазір солардың әділетті ұрпақтары?! Қазақстанда қазақ тілімен қатар орыс тілі де мемлекеттік тіл болсын деп, немесе қазақ тілімен қатар жүретін тіл болсын деп қиянкескі қызыл кеңірдек болып жүргендер осының ақырын ойлай ма екен? Ал, бұл әрекеттің аяғы не боларын білу үшін пайғамбар болудың қажеті жоқ. Онда қазақ тілі қураған тулақ қалпына қайта оралады. Орыс тілі өктемдігін жасайды. Қазақ тілі қажетсіз болып қалады. Қазір де қажетті болып шекесі қызып тұрғаны шамалы. Осында үлкен ұланғайыр жиналыстың өзінде қазақ тілінде екі ақ адам сөйледі. Басқа бір де бір қазақ жігіті сөйлей алмады. Сонда, біз өзімізді өзіміз сыйламасақ, өзіміздің тілімізді өзіміз сыйламасақ ол тіл кімге керек? Басқалар соны қажет қыла ма? Осыны ойладық па? Намыс қайда?

Осылай кете берсек ар жағы қалай болмақ? Ар жағында XXI ғасырдың ар жақ, бері жағында қазақтар бір кезде кәдімгідей халық болған, қазір жер бетінен ұлт ретінде жойылған оғылдардың, өдегейлердің, айындардың, егендердің, топыралылардың, шеремисердің тағы басқалардың кебінін киеді. Осында «орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар тұрсын» деген пікірлер айтылып жатыр. Онда оның мемлекеттік тілден қандай айырмашылығы бар? «На равне на ряду» дегендеріңіз мемлекеттік тіл дегеннің синонимі. Тек алдамшы формасы ғана. Басқа ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан бұл формула «Таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледінің» кері. Сонда ақыр түбінде соры қайнайтын қазақ тілінің өзі болып шығады. Бұл орыс тілі неден қорқады? «Егер түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген емес пе? Орыс тілінің мұңы болғанда қазақ тілі қайда бармақ? Қандай күн көрмек? Сондықтан орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар тұрады деген сөз артық! Меніңше «Орыс тілі — еркін тіл» деу керек. Еркін тіл — Язык свободного применение! Сонда иманды болатын сияқты.

Тіл ұлттың жаны. Тіл ұлттың паспорты. Тіл ұлттың намысы. Намыссыз, паспортсыз, жансыз өмір сүруге бола ма? Ол өлгенмен тең! Ендеше 10 миллион халықтың обалына қалмайық десек бұдан былай қазақ тілін орыс тілімен тайталастырып қолдан қиянат жасамайық ағайын!  Құрметті ағайын, жергілікті үкімет туралы өткен бір сессияда «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды-ау» дегенім бар еді. Сол айтқаным келді ме деп қорқамын осы жердегі айтыстарға қарағанда.

Айналайын Үкімет! Алдымен өзіңді жарылқа!

Мына, өтпелі кезеңде мен президенттік билікті қалар едім. Кеңес басшылары әкімдердің бірінші орынбасарлы болып, ынтымақтасып жұмыс істемесе  ырың-жырың таусылмайды. Елдің берекесі кетеді. Бір үйге екі шаңырақ тігуге болмайды. Шаңырақ біреу! Басшы біреу болуы керек те басқалар тіреу болуы керек. Осы талқыланып жатқан мәселеге мына тақырыптың тікелей қатысы бар. Қазіргі мына қиянкескі заманда радио, теледидар дегеннің қаншалықты құдіретті қару екенін ежіктеп айтып жатудың өзі ерсі. Осы бір алапар дүниеде адамзат ақылға келіп, қырағы болса атом соғысы бола қоймас. Бірақ, жер-жерде үкімет төңкерісі болып жатады. Төңкерісшілер бұрын алдымен телефон, телеграф дегендерді басып алушы еді, енді радио мен теледидарды басып алатынды шығарыпты. Ал, біз радио мен теледидарды Байланыс министрлігіне кіріптар етіп қойдық. Менің мемлекеттік телерадиосына басшы болып барғаныма әлі екі ай толған жоқ. Байланыс министрлігі мені күнде алқымнан алып қылқындырады. Не деймін мен? «Жарты миллиард қарызсың, тез төле, әйтпесе қиып тастаймын» дейді. Мынау Байланыс министрлігінің соңғы нотасы, нотаға қарағанда 12-інші қараша күні күн сөніп, ақыр заман төніп, телерадио тыйылатын көрінеді. Солай қоқаңдайды. Телеканалдың бәрі соның қолында. Кімге үлестіремін десе еркінде. Қазіргі мемлекеттік телерадиокомпаниясы бейнелеп айтсақ өлген өгіздің терісі сияқты. Кім көрінген таспа тіліп алып, өз алдына теле отау ашып жатыр. Көрермендің арызының, ашу-ызасының астында қалдым. Неге дейсіз ғой, «Анау жын шайтаныңды тый, секс жайлаған сайқалдар жын ойнағының қақпасын жап!» дейді. Мен, «Оу, Айналайын ағайын! Олар маған бағынбайды! Олар Абай атаң айтқандай «бас басына би болған өңкей қиқым, олар тәуелсіз, незаисими» деймін. «Олар КТК, Таң, т.б» деймін. Түсінбейді. «Онда не бітіріп отырсың, қолыңнан келмесе кет» дейді. Сондықтан не үкімет, не парламенттік комиссия бұл сойқанды ноқталамаса арты жақсылыққа апармайды.

Ал, енді телерадио дегеніңіз мемлекеттік басты қару бола тұра мұншама тұралап қалған дүниені мен еш жерден көрген емеспін. Қырғын соғыстан соң қирап қалған ел сияқты. Қазіргі компьютер мен электроника жайлаған заманда мынау бір тас дәуірден тапжылмай қалған бірдеңе!

Қазақстан — Қазақстан болып, әруақ қонып, оның президенті сонау БҰҰ ордасынан үлкен парасатты, үлгілі, иманды сөз айтып Дүниежүзін тәнті етіп жатқанда біз сол бір сәтті тікелей эфирден тарата алмадық. Арамызда өңкиіп Мәскеу тұрды. Ол бізге қол үшін бермеді, не өзі көрсетпеді. Президент кеше Түркия мен Иранға барды. Жүрген жеріне гүл бітіп, Қазақстанның бедел шоқтығын тағы да биіктетті. Дер кезінде біз оны да көрсете алмадық. Сондықтан үкімет өзінің мемлекеттік телерадиосын осы заманғы қару-жарақпен қамтамасыз еткені абзал. Мен білем қаржы тапшы. Бірақ қарап тұрсаң ғажап, өзіңе келгенде қапшықтың аузын қысып ұстайтын үкімет өзгеге келгенде атымтай жомарт. Осында UNESCO тәуелсіз баспасөз, ақпарат құралдары дегеннің  дүниежүзілік жиналысын өткіздік. Басшылардың бәрі мұрнынан шаншылып қызмет қылды. Қыруар ақша шашылды. Нәтижесі не болды? «Асыңды ішіп, аяғыңа түкірейіннің» кері келді. Әлгі тәуелсіз сымақтар президенттен бастап үкіметтің бетіне улы тырнақтарын салды. Кейбір кері ауыздарды қорғап, жанжал шығармақ болды. Айналайын Үкімет! Алдымен өзіңді жарылқа! Артылып бара жатса мырзалық қашпайды!

Қазақстан мемлекеттік телерадиосы компаниясын құру жөнінде президенттің жарлығы шыққанына екі ай толайын деп қалды. Осы екі айдың ішінде шаңырақ көтеріп, керегеңді кеңейтіп, уығыңды шаншып, туырлығыңды жауып ал деп еді маған президент.  Енді сол жарлықтан соң соны іске асыру үшін үкіметтің қаулысы шығуы керек екен. Оны қайдан білейін мен?! Енді сол жаңа отаудың керек-жарағын сұрап, үкімет қаулысының жобасын ұсынсақ та жарлық орындалмай тұр. Екі ай мерзім — Бальзактың шегрен былғарысындай қусырылып бара жатыр.

Біз пақырдың үкіметтен жалбарынып сұрайтынмыз:

Біріншіден, компанияның жұмыс істейтін орыны тарының қауызындай тар. Әр жерден арендаға алып шашырап жатқан компанияның мекемелерін үйді босат деп жан-жақтан қуалай бастады. Бізге жұмыс орын мекенжай керек!

Екіншіден, компанияда жұмыс істейтін екі мыңнан астам адамның көбісінің үй-жайы жоқ. Жалақы ең төменгі дәрежеде. Гонорар атымен құрыған деуге болады. Содан барып талантты деген журналистер, инженер-техниктер оты мол жерге жаппай кетіп жатыр. Ендеше оларды үй-жайменен мүмкіндігінше қамтамасыз етіп, жалақысын, гонорарын көтеру керек! Егер телерадиоға қамқорлық мемлекеттік биік дәрежеде болса онда Қазақстан телерадиосы халық үшін, елдің игілігі үшін, ұлттардың ынтымағы мен бірлігі үшін аянбай қызмет ететініне мен кепілдік бере аламын! Ықылас қойып, жаны ашып, бүйрегім бұрып тыңдаған биік, білікті аса парасатты сіздерге көптен көп рақмет!».

***

Шерхан Мұртаза — 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып қызмет атқарды. Ол ҚазКСР Халық депутаты (1990-1993). ҚР Жоғарғы Кеңесінің (1994-1995), ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-ші шақырылым (1999-2004)депутаты болған.
Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Жазушының шын есімі – Шері. Қазақтың айбарлы, қайратты жыртқыш аңы – барысқа байланысты қойылған.
Әкесі Мұртаза 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып кетті. Шерхан Мұртаза 8 жасында қазіргі Жуалы ауданы өзі туған Талапты ауылындағы мектептің бірінші сыныбына барған. Әкесіне ерте айырылған бала оқу мен еңбекке ерте араласады. Балалық шағы да соғыстың тауқыметті кезеңдерімен тұспа-тұс келген. Сондықтан болар жазушының түсіне жиі балалық шағы оралып отырған. Тауқыметті кезеңдерді бастан өткізген соң болар, жазушының балалық шағы бала көңілмен өтпеді.
Шерхан Мұртаза – әлем әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларын аударған аудармашы. Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін қазақ тіліне тәржімалады. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.
Шерхан Мұртаза алты жерде бас редакторлық қызмет атқарған. 1970 — 72 жылдары «Жазушы» баспасы жанындағы Балалар мен жастар әдебиеті бас редакциясының және «Жалын» альманахының бас редакторы, 1972 — 75 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы, 1980 — 89 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1989 — 92 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1989 жылдан-«Егемен Қазақстан» республикалық газетінің редакторы. «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасы. Лениншіл газетіне бас редактор болып келгенде 30 мың таралыммен таралған газеттің оқырманын 150 мыңға жеткізді. Қазақстан ұлттық арнасындағы «Таңшолпан» таңғы ойын-суықтық бағдарламасы Шерхан Мұртазаның идеясымен ашылған.