Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева белгілі медицина саласының ғалымы Алмаз Шарманмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Tarlan.kz
Бейресми кездесу барысында ғалымның бүгінгі өмір салтына сай денсаулықты сақтау мен аурулардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған пайдалы әрі әркімге түсінікті пайдалы кеңестер жинағын ортаға салды.
"Дені сау ұлт – мықты мемлекет құрудағы басты ұстанымдардың бірі. Себебі, ұлттың денсаулығы – мемлекеттің күш-қуаты. Бірақ, тек емханалар мен ауруханалар салудан халықтың денсаулық мәселесі түпкілікті шешіліп кетпейді. Ол тек салдарымен күреседі. Ал оның негізгі себебі – әрбір азаматтың өзіне деген жауапкершілігінде. Денсаулыққа деген әлемдік көзқарас соңғы екі жылда күрт өзгергені жасырын емес. Десе де, көп нәрсе өзімізге байланысты", - деп Аида Балаева атап өтті.
Оның айтуынша, ұлттың денсаулығы - мемлекеттік денсаулық сақтау саясатындағы да басты қағида.
Кітап бойынша айта кететін болсақ, бұл Алмаз Шарманның көп жылдар бойғы ғылыми ізденістерден соң және күнделікті тәжірибенің негізінде саналы түрде сырын ашқан интуитивті денсаулық жайлы жинағы.
Кітапта денсаулықты сақтау мен аурулардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған сегіз құпия ашылады:
1. Жеке мінез-құлық ерекшелігін ескере отырып, қозғалыстан қуанышты сезіну.
2. «Тірі» азықтан ләззат алып, интуитивті тамақтану.
3. Үш кезеңді NomaDiet диетасының көмегімен зат алмасуды ретке келтіру.
4. Таза судың тіршілік көзі, денсаулық пен сұлулықтың кепілі екендігін естен шығармау.
5. Пайдалы микробтардың көмегімен микробиомды қалыпқа келтіру.
6. Күйзелісті жеңу және қанық ұйқыдан рахаттану.
7. Өмірден... оның ішінде жыныстық қатынастан ләззат алуды үйрену.
8. Аурулардың белгілерін уақытылы анықтап, олармен тиімді күресу. Осы сегіз қағиданы ұстана отырып, әрқайсымыз ең басты сыйлыққа - өмірдің шынайы сапасына, денсаулық пен ұзақ ғұмырға қол жеткізе аламыз.
"Ол үшін артық білімнің қажеті жоқ. Кітап авторының айтуынша барлығы өзіміздің күнделікті әрекетімізге есеп беруден басталуы керек. Яғни, не жеп, не ішіп жүрміз. Балаларымыз нені тұтынады? Күнделікті қимыл-қозғалысқа қаншалықты мән береміз? Күн сайын жеткілікті мөлшерде су ішеміз бе? Ұйқымыз қанық па? Мұның барлығының тобықтай түйіні – «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».
Дене белсенділігінің тұрақтылығына қол жеткізудің, артық салмақты уайымдамай, тағамнан ләззат алудың жолдарына қатысты нақты ұсыныстарымен қатар, автор басына түскен күйзелісті қалайша жеңгені туралы жеке әсерлерімен бөлісіп, ұйқының дербес ерекшеліктері, өзінің спорттық тәжірибесі, ішімдікке көзқарасы және көптеген басқа нәрселер жайлы да әңгімелейді.
Кітапқа тікелей сілтеме
Автордың айтуынша, аурулардың алдын алу мен оларды ерте анықтау үшін тек өзіміз ғана жауаптымыз. Денсаулық құпияларын білу аурулардың алдын алудың және денсаулықты ұзақ жылдарға сақтаудың сырын білетін ішкі түйсігімізге үңіліп, мән беруіміз үшін баршамызға қажет.